31.08.2022
  77


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Сол бiр әндi сен маған жырламашы

Сол бiр әндi сен маған жырламашы,
Жатыр онда махаббат мұң-наласы.
Сыздамалы сезiмдер қайта оралса
Айқаспайды кiрпiгiм түн баласы.
Сол бiр әндi сен маған жырламашы,
Жатыр онда жастықтың жылнамасы.
Сөнiп қалған жанартау қайта оянар,
Қайта ашылар жүректiң бiр жарасы.
Жырламашы сен маған сол бiр әндi,
Өзге әуенге бұрашы домбыраңды.
Өткен дәурен – ұшпа бұлт, келдi, кеттi,
Өткен дәурен – қызған шоқ, сөндi, қалды.
Жырламашы сен маған сол бiр әндi,
Ерiтпешi санамнан тоң, қырауды.
Есiме алғым келмейдi ескi мұңды,
Есуас боп кетсем де ендi мәңгi!..





Пікір жазу