31.08.2022
104
Бүршiктерi буазып тұр бәйтерек
Бүршiктерi буазып тұр бәйтерек,
бұлт – елгезек,
бұтақ бiткен – қаукелек,
шүкiр, шүкiр, көктем шығып келедi,
осы көктем келмей қойса қайтер ек?
Махаббаттың балдай тәттi ерiнiн,
көксеп жүрген көнi кепкен перi кiм?..
Құштарлықтың оттай ыстық құшағын,
бiр көргеннен сары майдай ерiдiң.
Махаббаттың батпан жүгiн артарсың...
Улы балын қас-қағымда сарқарсың,
содан кейiн сағыныштың зардабын,
ғұмыр бойы, бақи бойы тартарсың...
Махаббаттан мән iздеген Мәжүнiн,
ешкiм сенi түсiнбейдi – жазығың...
Жастық дәурен арғымақ ат болғанмен,
қайта айналып таба бермес қазығын...