31.08.2022
  111


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖАУҚАЗЫН

Мен сенi ұмытқым келдi!
Өзiңмен кешкен тұнық күндердi,
аспаны шайдай тымық түндердi,
ұмытқым келдi, ұмытқым келдi.
Тағдырым маған сынық гүл бердi,
қабағы қатып, қырық түрлендi,
жанымды менiң ұғып, кiм көрдi?
Бәрiн де бәрiн ұмытқым келдi,
ұмытқым келдi!
Жаурады сенiм, үмiт, арманым,
сезiмнiң нәзiк гүлi тоңғанын
сезiне тұрып жылыта алмадым,
қадалған маған жауқазын жанар,
өзiңдi, бiрақ ұмыта алмадым,
ұмыта алмадым...
Қылтиған қардан жауқазын ғұмыр
қытымыр қыстан тiрi қалғанын,
қауызына оның қыраулы шықтай
қаңтардың демi – уы тамғанын,
сен үшiн ендi тiрлiктiң мынау
соқыр тиындай құны қалғанын,
сезiнiп тұрып ұмытам қалай,
ұмыта алмадым... ұмыта алмадым...





Пікір жазу