31.08.2022
  166


Автор: Ұлықбек Есдәулет

КәУСАР

Мен өзiңдi мың жыл бойы сағындым,
Мың жыл бойы жұтып келдi жаным мұң.
Құс жолынан жарқ еткесiн жанарың
Жұлдыздардың арасында сабылдым.
Сағынысып,
Алып-ұшып кездестiк.
Iңкәр сезiм толқындарын тез кештiк.
Суынар ма бауыр басқан жүректер
Бiр-бiрiнен ыстық-ыстық сөздi естiп.
Сыңар аққу iздеп тапты егiзiн,
Сенсiң менiң еркелеген теңiзiм.
Жағадағы жартас тектес жанымды
Жiбiтедi сенiң ғана лебiзiң.
Сенсiң менiң шөлiм қанбас кәусарым,
Көрген сайын,
сүйген сайын аңсадым.
Неткен сиқыр
менiң қара шашымды
Салалап бiр сипап өткен саусағың!
Алып-ұшып,
өлiп-өшiп,
ғажап тым,
Көрген түстей өте шықты-ау аз-ақ күн...
Махаббатты күйiп-жанып жырлаған
Соңғы ақыны мен шығармын қазақтың.
Жаралғандай жұпар иiстi жалбыздан,
Сен ерексiң әлемдегi бар қыздан.
Қас қаққанша өте шығар өмiрде
Жарқ еткен бiр сәуле сынды жалғыз жан.
Бақытыңды жасыр мейлi,
жасырма,
Қалай iңкәр болмассың сен асылға?
Маған душар еткенi үшiн өзiңдi
Ризамын жиырмасыншы ғасырға!





Пікір жазу