31.08.2022
72
СЕНI ҒАНА СҮЙЕМIН
Сенi ғана сүйемiн,
бiр өзiңдi,
қылығыңды сүйемiн, мiнезiңдi,
сағыныштың сан батпан салмағынан,
жүз шаншылып жүрегiм,
мың езiлдi.
Есiмiңдi еске алып
күбiрлесем,
таңғы түстей тәттi бiр
ғұмыр кешем,
сезiнбес те ем тамшының тереңдiгiн
сезiмiңе мен сенiң үңiлмесем.
Қиылып бiр қарасаң
үндеместен,
сұм дүние шығады мүлдем естен,
тақта отырған тәкаппар тағдырымды
қияр едiм жолыңа дым деместен.
Алыстасаң –
аңсаймын,
аласұрам,
тағат тасып, шығады сабасынан,
жүрегiмдi тек сенiң сөзiң ғана
жазар едi сыздаған жарасынан.
Сенi ғана сүйемiн!
Бiрақ, жаным,
сүйiктiң боп мәңгi өмiр сүре алмадым,
қараңғыда тауып ап тұтатарсың,
түнде сөнген жүректiң шырағданын...