31.08.2022
  76


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Ноқталай көрме сезiмдi!

Ноқталай көрме сезiмдi!
Сезiмдi шектеп не ұттың?
Шалығы деме сөзiмдi
Әсiреқызыл желiктiң,
Келедi менiң сенi ұққым!
Сүюдiң ыстық сертiнен
Айныған жандар аз емес.
Тiленiп тапқан дертiнен
Қашатын құлға жаза кес!
Сезiмiм менiң – серi өзен,
Тау менен тастан қайтпаған.
Сусасаң, кепсе кенезең
Сырыңды бүкпей айт маған!
Ашынғандаймын қамшы жеп,
Көкейде жатыр сөз қайнап.
Мөлдiреп, жалғыз тамшы боп,
Дидарың қалды көзде аунап.
Бойыңдағы оттың ұшқынын
Күлменен қымтап болар ма?
Ықыласыңның ыстығын
Суыта алмасын боран да!
Ноқталай көрме сезiмдi!..





Пікір жазу