31.08.2022
  129


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БҮКIЛәЛЕМДIК ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ

Шығармай тысқа тартып ұстадым,
Сезiмнiң ыстық шарпылыстарын.
Көрдiм де сенi,
Мойындап қалдым
Бүкiләлемдiк тартылыс заңын.
Көрсоқыр болдым көрдiм де сенi,
Қаперге кiрмей елдiң де өсегi...
Жынданғам жоқ па?
Ауылда маған:
«Жасыңда жынды болдың» деседi.
Самолеттердiң салондарында,
Астаналардың алаңдарында,
Ескерту алмай жүре алмас болдым,
Өмiрде сендей адам барында!
Өзiмнен-өзiм күлемiн кейде,
Сiлкiнген жердей жүрегiм бейне.
Мынау жұрт мүлдем жайбарақат қой,
«Сүймей-ақ өмiр сүремiн» дей ме?
Себепсiз сағат санап қаламын,
Қалайша сенсiз тағат табамын?
Өзiңдi ойлап,
Өзiме бойлап,
Таусылмас томдай парақталамын.
Қиялда бiрге қонып-ұшамыз,
Сабылысамыз, сағынысамыз...
Бары рас болса тартылыс заңы
Түбiнде бiздер жолығысамыз!





Пікір жазу