НАУРЫЗ
Күннiң құйған сүт сәулесi әлi уыз,
Науша құсқа нота ойнатты наурыз.
Шатырлардан шүпiр-шүпiр құлайды
Сүңгi мұрттай сынып түсiп сары мұз.
Аллеясын екеуімiзге шарлатқан,
Ала қыстай мына бақта қар жатқан.
Көзбен шолып,
Ойға шомып,
Шарасыз,
Бақ шетiнде қарап тұрмын шарбақтан.
Сал дүние түскен сайын сәндене,
Бiр ауырлап,
Бiр жеңiлдер жан – дене.
Ерiп жатыр қыстан қалған қасат қар,
Iшiмде де ерiгендей әлдене.
Қардың суы жерiк нәр ғой жер үшiн,
Ерiп жатыр,
Ери берсiн,
Ерiсiн...
Көңiлiмiз көншiп бiз де бiр күнi,
Толтырармыз дүниенiң кемiсiн.
Сары аязда сыңғырлаған ақша қар,
Сылқ-сылқ күлiп жерге сiңдi, пәтшағар.
Сенсiз келiп қол созам ба мен ендi
Аппақ гүлiн ұсынғанда бақшалар?..
Көктеп ашып көктеменiң есiгiн
Қар орнына – гүл қылтиса несi мiн?..
Қысты күнi қар үстiне мен жазған
Ерiп кеттi-ау сенiң дағы есiмiң...
Жаңа күндер жаңа ойларға шақырды
Ескi әуендер әлдилеген ақынды.
Еритiнiн бiле тұрып, еркем-ай,
Қарға неге жаздым екен атыңды?..