ЖАСЫРЫНБАҚ
Тал түс. Көкте Күннiң добы домалар,
Ауыл сырты. Көл. Қалғыған қоғалар.
Қоға iшiнде қылт-қылт етiп жоғалар
Жасырынбақ ойнап жүрген балалар.
Жасырынбақ... Бала кезде бұғынып,
Бұл ойынды мен де ойнағам тығылып.
Қоға iшiнде аяқ-қолым жырылып,
Көршi қызды көп iздегем жүгiрiп.
Қалың қоға, құпиялы қамалдай,
Көп кезгенмiн көршi қызды таба алмай.
Көңілiмде сөне алмай, не жана алмай
От бар едi тiлеп тұрған жанармай.
Әр тұстан бiр ақ бантигi жалт етiп,
Ұмтылған ем сол сәуленiң нарқы өтiп.
Iздей-iздей өзек талып, әл кетiп,
Қайтқан едiм бар уақытты сарп етiп.
Содан берi жер де талай көгердi,
Содан берi талай бантик көнердi.
Ақын болып елге келдiм мен ендi,
Ал көршi қыз жұмбақ жырға кенелдi.
Сәлемшi көп келiмдi де кетiмдi,
Күн екiндi. Самал сүйдi бетiмдi.
Көршi ауладан бiр құралай кекiлдi,
Болды маған жасырынған секiлдi.
Жасырынбақ. Шын де, мейлiң, әзiл де,
Бұл ойынды тастағам жоқ әзiрге.
Қарамастан маңдайдағы әжiмге
Қажет болса жасырынам қазiр де...
Ұлы бесiн. Күз көзiне ала бұлт
Аяқ асты тұра қалды жамалып.
Қоға iшiнде iздегенi жоғалып,
Жүгiрiп жүр жалаң аяқ балалық...