31.08.2022
  435


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

– Шөлдеген жандай қаталап,
«Махаббат... – деймiз, – махаббат!.
Махаббат деген немене,
Бұлақ па iшер жата қап?
Сиқыр ма көзге байқалмас?
Ғажап па ешкiм айта алмас?
Қазына ма екен қымбат бiр
Қарызға берсең қайтармас?
Махаббат деген немене?
От болса егер сөне ме?
Гүл болса егер, сола ма?
Дән болса егер, өне ме?
Махаббат деген немене?
Қолға ұстап, көзбен көре ме?
Тамшыдай көктен түсе ме?
Қамшыдай қолдан өре ме?
Махаббат деген немене?..
Тәнтi еткен тән бе, дене ме?
Табылар бақ па, iздесең,
Өзi iздеп, әлде келе ме?
Сәуле ме,
Сыр ма,
Сезiм бе?
Пәктiк пе,
Ар ма,
Төзiм бе?
Мейiрiм бе екен ол әлде?
Анамның тұрған көзiнде?
Баяғы, бағзы заманда,
Хауа Ана менен Адамға
Еншi боп тиген махаббат
Сый болып жеттi-ау маған да.
Махаббат деген немене?..
– Айтайын, бiлгiң келе ме:
Ол өзi жаңа, көне де
Бабадан жеткен өнеге.
Күмәнiң болса өзiң бiл,
Ғаламат ғашық кезiм бұл...
«Сүйемiн» деген бiр сөзге
Сыймайтын ұлы сезiм бұл!





Пікір жазу