31.08.2022
92
БАЛ ДӘУРЕН
Шыт көйлек терге шыланып,
Шалғынға шалғы сермеп ем.
Шалғайлау көлден су алып,
Шабындығыма келген ең.
Шiлденiң күнi. Сәске шақ.
Дегдiмей жатты шабындық.
Шоқ талды иiп қос жасап,
Отырдық бiр сәт дамыл ғып.
Жырақтау жерден арнайы
Ынтықтың неге келуге?
Тобарсып жүрсе таңдайы
Тамсанып iшсiн дедiң бе?
Суыңды маған ұсындың
Ишара жасай именiп,
Ернiңдi тiстеп қысылдың
Монтиған момын күйге енiп...
Мен сонда судың iшiнен
Бейнеңдi көрдiм мөлт еткен...
(Сол түнi кiрдiң түсiме
Жаралған қыздай ертектен).
Жанарың ынтық сыр ашқан,
Көрдiм де, қалдым ойланып,
Кетсе ғой дедiм мына аспан
Шаңырағымызға айналып!