31.08.2022
115
ГҮЛЗАР
Мынау – гүлзар, екеуімiз гүл ұрлаған,
Мынау – сол түн, торғайы шырылдаған.
Тек сен жоқсың көзiңде жұлдыз ойнап,
«Бақытты боламыз...» – деп сыбырлаған.
Бұтағына теректiң Ай қонақтап,
Үстiмiзге қанатын жайған аппақ.
«Бiз бақытты боламыз, боламыз...» деп,
Тұрдым сонда сөзiңдi ойға жаттап.
Санам бүгiн сағыныш сазын ұқты,
Тағдыр бiзге жасады қазылықты.
Кеше ғана өзiңнен келген хатта
«Бақытты бол... Кешiр...» деп жазылыпты.
Мынау – гүлзар, торғайы шырылдауда,
Бүгiн бауға келгем жоқ гүл ұрлауға.
Бұтағына ай қонған кәрi терек,
«Бақытты боласың...» деп сыбырлауда...