31.08.2022
136
ЕРТIС ЖАҒАСЫНДА
Отырдың аяғыңды суға малып,
Жанында Ертiс жатты шулап ағып.
Мен саған сыр ашпадым, тiс жармадым,
Болмаса қарағаным құр қадалып.
Мен сонда есiме алдым басқа адамды,
Сағыныш кiрпiгiмдi жасқа малды.
Сен маған «ойланба» деп айта бердiң,
Бұзғың кеп арадағы тас қамалды.
Ай туып өзiңменен амандасты,
Дәптерiн махаббаттың саған да ашты.
Көрдiм де көзiңдегi сезiм нұрын,
Түсiндiм:
Бәрi алғашқы,
Бәрi алғашқы...
Мен саған бақыт қана тiлегенмiн,
Шаттанып сен де бiр сәт түрегелдiң.
Ертiстiң алтын суын Айға шашып,
Мәз болып күле бердiң, күле бердiң...
Жағаның сiлкiндiрдiң жақұт көгiн,
Сол түнi сен шынымен бақытты едiң.
Iшiмнен: «Шаттана бер, күнi ертең-ақ,
Сенi де ойландырар уақыт» дедiм.