31.08.2022
  91


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АЛЬБОМҒА

I
Мен сенiң көздерiңнен не сеземiн,
Толқиды қос жанарың – қос өзенiң.
Күнi ертең мұң болмай ма өз басыңа
Мендегi қоламтаны көсегенiң?!
Жаным-ау, менсiз де сен гүл атарсың,
Жаныңды жырыммен-ақ жұбатарсың.
Асықпа тамшы болсаң төгiлуге,
Тым ерте тамып түссең күнаһарсың.
Жүрегiм – махаббаттың астанасы,
Сен оған өрт ұшқынын тастамашы.
Сенiң пәк сезiмiңе билiк құрман
Болсам да тағдырыңның дос-панасы.
II
Мен қайтемiн көңiлiм оянбаса,
Сыр дәптерiн жүрегiм жая алмаса.
Қанат берер ағаң боп қалайыншы,
Қатал тағдыр қапылыс сенi алдаса.
Жас гүлiңдi ұсынба жатқа бекер,
Мен емеспiн солдырмай сақтап өтер.
Қарамашы қадалып жүзiме сен,
Жүзiмдi әлi мұңды жас соқпақ етер.
Әрi жынды жаным бар, әрi мұңды,
Бәрi жынды ақынның, бәрi мұңды.
Ошағыма отынды бермей-ақ қой
Мен сөндiрiп алармын жалыныңды





Пікір жазу