31.08.2022
  271


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МЕРУЕРТ

Эх, Меруерт, Меруерт!
Санам – түтiн, жаным – өрт!
Сен туралы ойлардың
Бүгiн маған бәрi дерт.
Ақша жүзiң үлбiреп
Көкшетаудың бұлтындай,
Бiр қарасаң мөлдiреп
Жүрек қалмас жұлқынбай.
Жаның бейне Жұмбақтас,
Көлденеңге тiл қатпас.
Сымбатыңа сұқтанып,
Ұясына күн батпас.
Өзiң жаққа бiр талмай,
Қанат қақтым, Меруерт.
Күнге ұмтылған Икардай
Болар ма екем тағы мерт?
Эх, Меруерт, Меруерт!





Пікір жазу