31.08.2022
  63


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МАДРИГАЛ

Өттi ғой өзiңдi ойлап көп күндерiм,
Жетпей ме сағыныш күй шектiргенiң?
Мен саған жыр арнаушы ем жүрегiмнен
Айналып жүрегiме кеттiң менiң.
Көп түндер өзiңдi ойлап көз iлмегем,
Кiм маған тәттi ұйқыдан безiн деген?
Түс көрсем тек өзiңдi көрсем деймiн,
Бұл күйдi бұрын қалай сезiнбегем?..
Көкейге күллi көркiң ұялаған,
Шынымен бiр көргеннен сүйе ме адам?
Бiлмеушi ем күнә деген не екенiн,
Бiлдiрдiң – сенi сүймеу күнә маған!
Жабыққан,
я шаттанған шақтарда да,
Жалғайды арамызды хаттар ғана.
Бiрден айт байламыңды бiлтелемей
Аяма,
аялдама,
ақталма да...
Мен саған сүйемiн деп айтам ашық,
Шалдықтым сезiмiммен тайталасып.
Бұл – менiң ең ғаламат ғашық кезiм,
Басқаға бола алмаспын қайта ғашық!..
Өзiңдi күнiм өтпес ойламасам,
Атыңды жырға қосам, әнге қосам.
Сен маған өз жүрегiм секiлдiсiң,
Жаным-ау, жүрегiмнен қайда қашам?!





Пікір жазу