31.08.2022
  96


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚ МАХАББАТ, АППАҚ ҚЫС

Арамызды жатыр бiздiң тау бөлiп,
Асуларды аяз қысып, қар көмiп.
Отырсың ба тысқа қарап әйнектен,
Маған деген сағынышың сәл кемiп!
Сендерде де жауған шығар мына қар,
Бұл – өзiңнiң маусымың ғой ұнатар.
Сенi ойласам елестейдi бәйшешек
Қырау қыстың қойнауында гүл атар.
Аппақ көше, аппақ-аппақ тау, орман,
Бар дүние,
бар табиғат жаңарған.
«Сүйем!» деген сөз де жаңа секiлдi
Айта-айта жауыр болып саналған.
Бiз қыдырар бақты қалды қар басып,
Аппақ дүние жанарыммен арбасып,
Сыр шертедi:
«Мынау нұрлы өмiрге
Кiреукесiз пәк көңiлмен бол ғашық!».
Қала жылы. Қар лақтырып бала мәз,
Бүгiн түнде болар ма екен сары аяз?
Ренiшiңдi жазба маған бұл қыста,
Шаттығың мен сағынышыңды ғана жаз!





Пікір жазу