ҚОЛЫҢДЫ БЕР, ҚАЗАҚСТАН
Қолыңды бер, Қазақстан, мен келдiм,
Өзге өлкенiң өзенiнде тербелдiм.
Сенсiз бақыт баянсызын бағамдап,
Сенсiз жерде сең соққандай сенделдiм.
Ошақтағы отың қайда, көсейiн,
Нұрмен баурап,
Бiрге лаулап өшейiн,
Ақ селеуiң аймаласын денемдi
Бауырымды, сауырымды төсейiн.
Қайда, ағалар, аңқылдаған ағайын,
Iнiлiкке,
Бiр iлiкке жарайын.
Басым жерде тоң жастанып тынғанша,
Тасыңды өрге домалатып бағайын.
Жылқың қайда –
Бiрiн ұстап мiнейiн,
Түлкiң қайда –
Төнiп барып iлейiн.
Бұлтың қайда –
Хан көтерiп жүрейiн,
Күлкiң қайда –
Шалқып бiрге күлейiн.
Құзың қайда –
Гүл үзейiн басынан,
Түзiң қайда –
Көсiлуге асығам,
Қымыз қайда, айран қайда ашыған,
Қызың қайда –
Бiр сипайын шашынан.
Қайда жүрсем қасиетiңе табындым,
Сәлемiмдi ал, Қазақстан, сағындым!
Қалам тұрсын,
Құрық алам қолыма,
Бiрiн бершi тұлпар толы табынның!..