31.08.2022
194
ЖЕР-АНА
«Жер, жер» деп
Қызыл тiлдi сайратқанша,
Қайтедi қамын оның ойлап қойса.
Тiрiде төбесiнде тайраң қағып,
Құлаймыз құшағына қайрат тайса.
Жақсың да,
Жаманың да бiрдей оған,
Кетпейдi есiгiнен кiрмей адам.
«Сүйем» деп ертелi-кеш сарнасаң да,
Сөзiңдi ол қажет қылмас құр бояған.
Бiз оған
Азғана жаз, азғана күз,
Еркелеп,
Төсiн емiп, назданамыз.
Содан соң туған үйден безген ұлдай
«Бұздық деп тарту күшiн» мәз боламыз.
Нелiктен отадық бiз мына ағашты?
Жер бiзден «Нелiктен» деп сұрамас-ты.
Сiлкiнсе, жанартау боп атылса да,
Кiм оның қайғысына құлақ асты?
Жанары жердiң, бәлкiм, суалады,
Самайы сиреп, бәлкiм, қуарады.
Сыйла оны!
Белi бүкiр кәрi анаң да
Кигiзсең жаңа көйлек қуанады!