31.08.2022
111
ҚЫРАН ЖЫРЫ
Лебiң нәр болғанмен, құшағың бал,
Босат менi: томаға, тұсауымды ал.
Қайта айналып соғармын тұғырыма,
Ерiк бершi, сiлкiнiп ұшарым бар.
Келгенiм жоқ өмiрге ноқтаменен,
Шулы қызық жүрермiн топта дегем.
Алтайыны аулақта шалмаған соң
Қайран тiрнек түлей ме ботқа жеген?
Пеш түбiнде қашанғы есiнейiн,
Қосылайын сонарға, көсiлейiн.
Түлкiлердiң алайын ес-үрейiн,
Дүниенi өзiмше көшiрейiн.
Әлпештеген жетедi, аймалаған,
Тояттайын тағыдай айдаладан.
Жiбершi, тоңайған құс керенау ғой,
Қонбағанда қолыңа қайда барам?
Аяқ асты кеттi деп неден есi,
Балағымнан баспашы, бөгемешi.
Тартып тұрған өзiне жан-тәнiмдi,
Аспандағы бұлттардың төбелесi.
Пиғылым жоқ алақол бұзық-бөтен,
Құс жастықта қалғыған қызық па екен?
Өз қолыңмен лақтыршы аспаныма
Тұсауымды әйтпесе үзiп кетем!