31.08.2022
96
Тағдыр жеңді, мойынсұндым, жеңілдім...
Тағдыр жеңді, мойынсұндым, жеңілдім,
Ай көзінен жұлдыз-жас боп төгілдім.
Қарашығым – қара түннен жаралған,
Мұңы көп деп пайымдайды өмірдің.
Қиялымнан жұрдай болып қаусадым,
Қайтер еді тас төбемнен ауса мұң...
Жылу сұрап сықырлаған қаңтардан
Жайды қайың білеу-білеу саусағын.
Қайың сиқы қалтыратты, жауратты,
Қарасұр шың басынан мұз аунатты.
Қара түннің тылсымына ой шомып,
Қарашықтың аясына тау батты.
Жылу сұрап мыстан-қыстан тұрдық біз,
Баяу ғана бара жатты сырғып түз.
Қаңтар-өмір қан қақсатқан сезімін,
Қайыңменен екеуіміз - мұңлықпыз.