Ессіз елтіп, егіз болдым өлеңге...
Ессіз елтіп, егіз болдым өлеңге,
Емдер босаң емші уақыт, мені емде.
Төлегеннің ту сыртынан қадалған
Сұр жебенің ұшы қалған денемде.
Ием – тәңір, бар деймісің менде ерік,
Сансызбайға мұңын айтып жеңгелік
Қайын жұртқа қайғы арқалап аттанған
Қыз Жібектің зарын айттым шерленіп.
Сиқыр жалған сылап жазар дертімді,
Шыңмын деп ем, тү-үу биігім кертілді.
Қазақы күйт Қособада бұқпалап,
Беймәлім қол бейкүнәға серпілді.
Бұлдыр дала жігерімді құм қылды,
Көзді арбайтын көрігі жоқ, тұлдыр-ды.
Жер үстінде жалғыз өзі қалғандай
Шыдамым да бебеулетті бір мұңды.
Теңселді әлем, тілім-тілім денесі,
Өлшеміне келмей адам өресі.
Ессіз желмен ерегестім есердей,
Жынды болып кеткенмін бе мен осы?!
Сезімім – тұл, төзімім де таусылды,
Меңіреу тау жұта берді даусымды.
Шуақ-жалған кері итеріп кеудемнен,
Түнек-дүние тылсымына қаусырды...
...Күллі дүние мені аңдыған жау сынды...