31.08.2022
  116


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сыңсиды аққу айдында сынық қанат...

Сыңсиды аққу айдында сынық қанат,
Мұңлы әуенге құлақ сап тыныпты алап.
Аққуға атқан мылтығын жерге тіреп,
Мерген тұрды жағада күліп қарап.
Зарлайды аққу, кім мұның зарын ұқты,
Әлсіз - өзі, басқаның бәрі мықты.
Тек қанына боялып құбыла жақ,
Бір пұшпағы бұлттың малыныпты.
Көкке қарай қалықтап ынтық әні,
Көл бетінде бейшара-ай, бұлқынады.
Дәрмені жоқ, көзінен қан тамшылап,
Құшағына таулардың күн құлады.
Қып-қызыл көл қайғыдан тұнды білем,
Сыбырласты қамыстар бір-бірімен.
Сұлулықты жылатып мерген кетті,
Шошынбастан қанішер тірлігінен.
Күліп кетті-ау, қалғыр-ай күле білмей,
(Қасіретке талайлар жүр егілмей).
Қызыл айдын – жаным да, қаным дағы,
Жаралы аққу – жаралы жүрегімдей.


Мен егілдім, ұқпайын қалай мұңды,
Өлең болды азабым талай күнгі.
Сол аққудай жүрегім аласұрар
Қанатымен сабалап жан-айдынды.
...Тамырымда өміршең арман ағып,
Айдынға ақ нұр төгілген таңда барып,
Қасіретін жазамын аққу құстың
Қауырсынын киелі қанға малып..





Пікір жазу