31.08.2022
81
Ойнақ салар ақ боран ағып келіп...
Ойнақ салар ақ боран ағып келіп,
Ызғар демер ызасын жанып беріп.
Ашулы аяз көшеде сенделеді
Тіршіліктің дидарын қарып көріп.
Қаңтар менен ақпан тұр бетпе-бет кеп,
Желпінеді ақ боран «жекпе-жек» деп.
Ауызынан ақ бу боп атылған дем
Бара жатар алқынып көкке беттеп.
Бірі кетіп, әйтеуір бірі қалар,
Қалған ақпан жоныңды тіліп алар.
Ат адымдай ұзаған күн жарығы
Ызғарланып, ызамен күліп алар.
Ақырарын, білмейді егілерін,
Елжірер ед – ол дағы тегіне мін.
Аспан асты, жер үстін боратқанмен
Біледі ақпан наурыздан жеңілерін...
Жуасиды, қайтеді көнеді де,
Қасарысып, қарысып керегі не.
...Қыс кетеді – іші мұң, сырты – суық,
Қарап қалам соңынан мен егіле...