31.08.2022
  113


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ішкі дүнием - Ай тұтылған түн-әлем...

Ішкі дүнием - Ай тұтылған түн-әлем,
Қараңғылық, қадамыма құмар ең.
Пенделерге қимасам да мұңымды,
Періштелер ұғымында күнәлі ем...
Көлеңкемді төсегіме көмермін,
Ай ыңырсып, соңғы әніндей төгер мұң.
Қараңғыда қарауытар амалсыз -
Өмір деген - көлеңкесі өлеңнің.
Мыстан-күдік нені аңсады... күрсінді,
Тау түнерді паналатып бір сырды.
Жабырқайды, жарқабаққа мұң шағып,
Жаным менің - Ай тұтылған түн-сынды.
Керегі жоқ түнге келіп түнеудің,
Одан өзге ол сорлыға тіреу кім?!
Ай туғанда бата қылса өзгелер,
Айға жоқтау айтатұғын Біреумін!





Пікір жазу