31.08.2022
  90


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ай жатыр. Жылжымайды...

Ай жатыр. Жылжымайды,
Тұншығып кім жылайды...
Етегін қымтай түсіп,
Түн-әйел тұнжырайды.
Ай үнсіз. Тіл қатпайды,
Жұлдыздар сырғақтайды.
Түн жалғыз. Бейсауат жел
Әйнегін бір қақпайды.
Желегін бөз қылады,
Шуылдап өз құлағы,
Тыныштық құшағында
талықсып, көз жұмады.
Мүлгітіп айналаны,
Бозарып ай қалады,
түн-әйел ұйқысырап,
қыр кезіп, сай барады.
Желегі жыртылады,
Етегі қырқылады.
Бұрымы тарқатылып,
Болымсыз бұлқынады.
Таңырқап ай қарайды,
Тосырқап сай қарайды.
Бағынып балақты жел,
Балтырын аймалайды.
Ұяңдау кезі қашып,
Ентелер сезім-асық...
Сонан соң ес жияды,
Қап-қара көзін ашып.
Көрсетпей күнә табын,
Бұлт бүркер бұла тәнін.
Қасына жылжып жетіп,
Қамығып... жұбатамын...





Пікір жазу