31.08.2022
  89


Автор: Жанат Әскербекқызы

Олай қаштым - болмады...

Олай қаштым - болмады,
Бұлай қаштым - болмады.
Сор құтқармай қамалап,
Оң қадамым оңбады.
Жаным шерлі күй шалар,
Жалған сұмдық сый салар.
Көкке ұшып кетер ем
Ол жағында Иса бар.


Ақыл жолдан жаңылар
Ар күйігі тағы бар.
Жерге сіңіп кетер ем,
Жер астында - Мәді бар.
Ой-санамды арбайтын,
Жүрегімді қандайтын,
Жер үстінде біреу бар,
Қасірет боп қалмайтын.
Кімге сенем, кімге ерем?
Қарыз едім кімге мен?!
Қадам бассам-кедергі
Қайда барып күн көрем?!
Нелері бар мінімде,
Тәубә деп ем бүгінге,
Жылатқысы келді ме,
Жалғыз... жарым күнімде.
Тіл тигізер арыма
Сұмдығы көп тағы да.
Сорға батқан жалғанда
Сор жолықты-ау бағыма.
Демеді ешкім хал қалай,
Демер жан жоқ, жалған-ай.
Теңселумен жүргенде
Тынышымды алғаны-ай,
Көңілімнің қалғаны-ай!!!
Не қылармын, не етермін,
Бақ дегенге бөтенмін.
Өтірікші жалғаннан
Өксіп-өксіп өтермін...





Пікір жазу