31.08.2022
  80


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖАНКҮЙЕР

Стадион –
Гулеген ара ұясы,
Жанкүйер жұрт – желiккен кәрi-жасы.
Қара бұлттың каһарын түсiрердей,
Жердегiнiң даңы мен дабырасы.
Жердiң шарын тепкендей жиырма «құдай»,
Теңбiл доптың тентiреп зырлауын-ай.
Туласа да, қаншама зуласа да,
Қарақұлып қақпаға жүр дарымай.
Алпауыттар төнсе де анталасып,
Жолатпайды қақпашы жанталасып.
Жаны шығып жанкүйер жанығады,
Жау үркiтер ұранға жорта басып.
Күржиген шал
Тауықтай күрiк болған,
Күжiлдеген дауысы ырықты алған.
Көлге төнген жартастай қабағында
Түйiлiп кеп екi бұлт тұрып қалған.
...Қопаң етiп қақпашы iле бердi,
Сопаң етiп сүлiк доп кiре бердi...
«Қап!» деген қарт қолдағы құмырасын
Қара жерге «қарс» ұрып түрегелдi.
Шiркiн, шалдың шайқалды-ау шаруасы,
Сыртқа шықты салбырап кәрi басы.
Қара бұлтты жамылып қала бердi,
Стадион – гулеген ара ұясы.
Теңбiл доптан түңiлдi шал ақыры,
Теңбiл такси, жаңбырлы қала түнi.
Теңбiл тамшы.
Қарғиды қақпашыдай
Спидометрдiң де қара тiлi.





Пікір жазу