31.08.2022
  111


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БҰЛТТАР МЕН ЖЫЛҚЫЛАР

Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды.
...Сәби кезiм саңылаулап ес кiрген.
Сыртқа шықтым.
Ауыл күнi кешкiрген.
Аспандағы алаулаған бұлттарға,
Аңырдым мен аң-таң қалған кескiнмен.
Бәрi – таңсық.
Қызылқұмар шақтамын,
Бiле алмадым бұлтты кiмнiң жаққанын.
Көрдiм бiр сәт
Көп жылқының мен жаққа
Көше бойлап шауып келе жатқанын.
Қашу қайда,
Қорқу да жоқ ойымда,
Тұра бердiм таңырқаған бойымда.
Алып-ұшқан секiлдендi асығып,
Сол жылқылар менiменен ойынға.
Алғашқы аттар ағып өттi қасымнан,
Қалғандары қарғып жатты басымнан.
Қарап қалдым бауырына аттардың
Аспандағы бұлттарымды жасырған.
Тасыр-тұсыр...
Таусылмайтын мол дүбiр,
Жылқы жапты аспанымды, сөндi нұр.
Тас тұяқтар зу-зу етiп төбемнен...
...Құлағыма ащы дауыс келдi бiр!..
Жалт қарасам –
Қолын созып тұр Анам,
Жанары – жас...
(Неменеге жылаған?).
Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар...
Көп тұяқтың астында – мен, дiн – аман!
Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды...
«Үшке шыққан кезiң, – дейдi, –
сонда...» – Анам,
Бүгiн, мiне, отыздамын!..
Толғанам...
Анам кеше тағы кiрдi түсiме,
Қолын созып жете алмай тұр Ол маған..





Пікір жазу