АҚЫНДАР МЕН ҒАСЫРЛАР
Бес ғасыр! Беу, бес жүз жыл!
Асыл бәрi.
Қойнына қанша қазына жасырмады.
Қолына қайта қонбас лашындары –
Қазақтың қайталанбас ғасырлары.
Бес ғасыр қуанышы, мұң-наласы, –
Елiмнiң елдiгiнiң жылнамасы.
Алқакөл-сұламадан аққан өлең,
Мейлi, құрғамасаң – құрғамашы.
Сабада сыздағанда сары қымыз,
Бөлiнсiн, тарихшы дос, – тағы ұйқыңыз.
Бес ғасыр ақындары жазған жырда
Жатыр ғой бес мың жылдық тарихымыз.
Қайсарлық қайнары бұл сарқылмаған,
Найзағай соған туыс жарқылдаған.
Махамбет тектен-текке басын берiп,
Қызғыш құс тектен-текке шарқ ұрмаған.
Ғасырдан ғасыр өткен зымыраған,
Бiрi озық дей алмаймын, бiрi надан.
Тарих та ұмытылып кетер едi,
Ақындар жiбере ме ғұмыры оған?
Жаманға жақсы сауыт болмас қорған,
Өлеңнен түзелiптi алжасқан жан.
Рахмет, адырнам мен алдаспаным,
Қобыз бен домбыраға жолдас болған.
Кiм өттi бес ғасырдың елегiнен,
Ұрпақтар тiлдесiп жүр керегiмен.
Қазiргi қабырғалы қалың ақын,
Оларға тең келер ме өлеңiмен.
Тең келсiн, тең келмесiн, түссiн асып,
Танылсын топжарғандар күш сынасып,
Аруағы ақындардың кездескенде
Тұрады сол бес ғасыр мысты басып!