
ҚАЗАҚТАРДЫ ҚАЗАҚТАРҒА ТАНЫСТЫРУ
Қара суы ұйыған қазанына
Қайран қалмас ел бар ма қазағыма?
Қуанышын жүредi айырбастап,
Дүниенiң азабы,
Тозағына.
Таңдай қағып отырып Чюрлениске,
Бiр кебiстi сұғады бiр кебiске.
Жылы сөйлеп,
Ақ құйып шығарады,
Жыланның да басына кiрген iшке.
Қайда бейнет,
Бiлмейдi қайда рахат,
Қарық боп та қатырмас пайдаға қап.
Мың жасайтын сияқты көредi өзiн,
Қашан болсын керенау, жайбарақат.
Шығарады қаласа аспанға Айды,
Мақтамасаң түкке де мастанбайды.
«Ұра берсең құдай да өледi» деп,
Алшаңдаса Аллаңнан жасқанбайды.
Ашықса да ауламай судан балық,
Ақ малтасын ас қылған сырдаң қағып.
Өзiм десе көрсетер өгiз күшiн,
Ашуынан қайтуы жылдам халық.
Ол қалауын тапқанда қар да жанар,
Арба болмас, алары дорба болар.
Қазанына ас түссе
Елең қағып,
Қонақ келiп қалар деп жолға қарар.
Ән дегенде,
Күй менен жыр дегенде,
Төр аямас қайдағы кiрмеден де,
Найзағайлы намысы оянғанша
Жуас болып көрiнер жүндегенге.
Той дегенде қараусыз қой қалады,
Бармақ тiстеп барып ап ойланады.
Ысқырығы жер жарып жүргенiмен,
Бар болғаны бес ешкi айдағаны.
Жұмақ та өлең ол үшiн,
Тозақ та өлең,
Серiлiгiн,
Ерлiгiн ғажап көрем.
Қазақ деген осындай қызық халық,
Бұзық халық емес қой қазақ деген!