31.08.2022
109
БАР ЕДI МЕНIҢ БIР «ДОСЫМ»
Бар едi менiң бiр досым,
Жаныма балап жүргем-дi.
Аярлық сырын бiлгесiн
Аулаққа салдым iргемдi.
Әзiлдеп оған бiр өлең
Жазып ем – бiттi!
Жауықты!
Кеудесi көктi тiреген,
Қасым боп шықты қауiптi.
Ысқаяқ досым тiсқаққан,
Бастық боп бiрде өстi де.
Қысқартты менi штаттан,
Әзiлдi сол бiр кештi ме?
Бұл жерден кеттiм басқаға,
Илiкпес сұрын көргесiн,
Сол жерге дағы,
Масқара,
Бастық боп келдi сол «досым».
Қуылып тағы қаңғырғам,
Түстiм-ау әуре-сарсаңға.
Сол «досым» шықты алдымнан,
Тентiреп қайда барсам да.
Көз жұмды кеше сол досым,
Айттым мен бүгiн балама:
– Жерлеңдер менi,
Өлгесiн
Аулаққа, басқа молаға.
Себебi:
Ондай сарамас,
Жатпайды тыныш, бiле бер,
Бiр күнi тырдай жалаңаш,
Көрден де қуып жiберер...