31.08.2022
  257


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АСЫҒЫСТЫҚ

Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несiне жасырамыз?
Жолға шықсақ –
Жетуге асығамыз,
Жете салып, кетуге асығамыз.
Таңда –
Балабақшаға асығамыз,
Түсте – алар ақшаға асығамыз.
Мүлт кеткендi тергеуге асығамыз,
Бiреу өлсе –
Жерлеуге асығамыз.
Таныса сап дайынбыз достасуға,
Амандассақ
Қайылмыз қоштасуға.
Үйлене сап жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.
Жағаласып,
сандалып,
сабылысып,
Жүгiремiз қашан да алып-ұшып.
Төзiм құрып қалған ба,
Тағат тозып.
Жүрегiмiз кеткен бе сағатша озып?
– Уақыт жоқ! – деп,
Уақытқа бас ұрамыз,
Осы бiздер қай жаққа асығамыз?!





Пікір жазу