ЕКIНШI ҰЛЫҚБЕК
Микрофонды мiнбеден
Мен жайлы сөйлеп Тұм-ағаң;
«Талант, – дедi, – бұл деген»,
Жырларым, сiрә, ұнаған.
Жолығып кейiн оңаша
Қолымды қысып, күлiп кеп,
Арқамнан қақты балаша:
«Мықты ақынсың, – деп, – Ұлықбек.
Сүйреуге жетер күшiң де
Ақындық алуан жүктi сен.
Лириктердiң iшiнде
Өзiмнен соңғы мықты сен!»
Қуанып, тасып мақтауға,
Достарға жудым табанда.
Ақындар бықып жатқанда
Екiншi болсам жаман ба?
Шынымен жырым ғажап па?
Өтежан айтты өлшемiн:
«Өзiмнен кейiн қазақта
Лирик тумас деушi едiм, –
Шығыпсың, мiне, не керек
Жырыңа қыздар қырылар.
Ақын екенсiң керемет
Өзiме жетiп жығылар.
Секiлдi Феттiң өлеңi
Тұр екен жырың мөлдiреп.
Ұлылық – күтсең келедi,
Күтiп ем – маған келдi!..» деп.
Қуанып мынау мақтауға,
Достарға жудым табанда.
Ақындар бықып жатқанда
Екiншi болсам жаман ба?!
Бiр күнi келiп ретi
Қеңшiлiк айтты: «Ей, бала,
Қазақтың тiлiн бiлетiн
Өзiмнен кейiн сен ғана.
«Ырдуан арбаң» тым жақсы,
Теледидардан тыңдағам.
Сол сөздi менен ұрлапсың,
Кей сөздi мен де ұрлағам».
Бұл жолғыны ендi намыс қып,
Дауласып сөзге жабыстық.
Жарасып сосын табыстық,
Арқаға тiптi қағыстық...
Қазiр де мiне талайлар
Мақтайды келiп көзiме.
Асырса дағы Абайдан,
Теңгермес бiрақ өзiне.
Ұлылық сырын ашатын,
Шетiнен түгел ең дана,
Ақынның бәрi – бас ақын,
Екiншi – жалғыз мен ғана.
Бас изеп тұрып, мақұл боп,
Бәрiне ашық пейiлмен,
«Өзiмнен соңғы ақын» деп
Абай да айтса деймiн мен!..