31.08.2022
  120


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ӘКЕ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАРДАН

Биiкке бiткен бәйтерек
Тереңге жайған тамырын.
Өткiздiң бастан ертерек
Өмiрдiң долы дауылын.
Ойранға кiрдiң, от кештiң,
Жаныңа түстi-ау жарақат.
Өлiммен талай беттестiң,
Шалдығып көрдiң шарапат.
Туған жер деген ұяны
Суытпай дәйiм жылы ұстап.
Бүркiттей шолып қияны
Биiкте жүрдiң тыныстап.
Әкеге қарап ұл өсер
Армансыз әке қайда бар?
Толқынға толқын iлесер,
Ғұмырға ғұмыр жалғанар.
Ойлаймын, әке, өзiңдi
Қызарып барып күн батса.
Еске алам нұрлы сөзiңдi
Жұлдыздар маған тiл қатса.
Еңкейген белге қарама,
Еңсеңдi елмен биiктет.
Немерең жүр ғой қалада
Бетiнен келiп сүйiп кет!





Пікір жазу