АТА-АНА
– Шешең бар ма?
– Бар.
– Әкең тiрi ме?
– Тiрi.
– Бақытты екенсiң, бауырым...
...Осы бiр ауызекi әңгiмеден
Марқайдым,
Жеңiлейiп қалды денем.
Қашан да есiме алсам ата-анамды
Көңiлiм сағыныштан мөлдiреген.
...Аулақтан арман қуып тайғанадық,
Кәрiнiң қамын тiптi ойламадық.
Түйдiк-ау:
«Қай бiр жiгiт ата-анасын
Жүрер деп қанжығаға байлап алып».
Даңқ пен даңғазаны қуып тәуiр
Неге бiз тарттық сонша суықбауыр?
Бiлмедiк, түсiнбедiк
Болатынын
Жасқа – арман, ал – кәрiге жуық қабiр.
Баласын ата-анадан алыстатқан,
Құрысын мұндай арман табыс тапқан.
Кей-кейде туған үйдi сағынғанда,
Қабады-ау кеңiрдектен намыс-қақпан.
Мал-жаны, пенсиясы –
бәрi де бар,
Мейлi, жоғалтпасын әлiн олар,
Иiсiне перзентiнiң шөлдемей ме,
Ауырса тiлдей хаты дәрi болар.
Елеңдеп кейуана мен отағасы,
Ауылда тұрып жатар соқа басы.
Бақытты ата-анасы бардың бәрi,
Алайда, бақытты ма ата-анасы?!