Алабұртып отырмын мен бұл шақта...
Алабұртып отырмын мен бұл шақта,
Отырмын мен әлденеге сусап та.
Көкейiмде бүлкiлдейдi бiр сұрақ,
Сәбидейiн бүлкiлдеген құрсақта.
Серпiлмеймiн,
Қуанбаймын, күлмеймiн.
Не нәрсеге сусадым мен? – Бiлмеймiн.
Атжүйрiктей босағаға жабысқан
Жүрегiме жабысып тұр тiлдей мұң.
Терезеден кең көшеге көз салам,
Бiрақ маған бағынбайды өз санам.
Айтарыңды айтсаңшы ендi, қайран тiл,
Арқа-басың босады ғой,
сөз – саған!
Тыста аппақ қар жапалақтап жауар тiк,
Бiрақ маған
ой салмайды олар түк.
Аспан анау тiлiн жұтып қойғандай
Аңыраяр ала көзiн алартып.
Мұрсат алған сергелдең мен саудадан,
Кешкi қала. Көгiнде қар аунаған.
Неге бүтiн қуанбаймын қар жауса,
Неге бүгiн кең дүние тар маған?
Жапалақ қар жауар дағы жай табар,
Көкейдегi сұрақты кiм қайталар?
Тiс жармастай
Табиғат та тым-тырыс,
Тiлiн жұтып қойғаннан соң не айта алар?