МУЗА
Жанымды жатушы едi қузап өлең,
Жырақтап барамысың,
Муза, менен?
Қалайша өкпелете қойдым екен,
Қисынсыз қысыр сауған қу жақ емен.
Ешкiмге ешқашан ор
қазыспадым,
Жасымнан тал бойымды таза ұстадым,
Сен келсең, бiр-ақ сiлтеп турар едiм
Шатысқан дүниенiң казустарын.
Өзiңдi күткен сайын ұзағырақ,
Бұлданып бағар болдың,
Муза, бiрақ.
Қайтемiз, – сен жалғыз да,
ақын мың сан,
Бәрi де тосып отыр тұзағын ап.
Десе де ақын – жұмбақ,
ақын – аңыз,
Сен келсең,
қайран Муза, қапыламыз.
От тиген құйрығына қырғидайын
Өлеңнiң аспанына атыламыз.
Бiреуге ерсi екен деп бұл теңеуiм,
Қашанғы күлтелейiн, бiлтелейiн.
Сен келсең кең сарайға айналады
Тар бөлмем ормандағы күркедейiн.
Өмiрдiң өзiң жоқта өңi сынық,
Тұрады тар қиямет қол ұсынып,
Ақыннан жаутаң қағып жәрдем күтер
Демiккен жер-дүние демi суып.
Адамның бәрi туыс,
бәрi бауыр,
Көтерер қасiреттi халық ауыр.
Адамзат аманатын арқалаумен
Арқасы ақындардың әлi жауыр!