31.08.2022
90
Періштесі пенде болған...
Періштесі пенде болған,
Табынары теңге болған
заман...
Айттырар жар - арсыздық болып,
Өсек - кайқы ауыз жеңге болған
заман...
Мен - сол заманның бел баласымын,
Есі ауып кеткен ел - жанашырым,
Бақ арымаған бейкүнәліктің
Мұң боп торлаймын шер-қарашығын.
Аспаннан аунап, тасқа құладым,
Тірліктің түйткіл бастадым әнін.
Жабырқау күндер жабысты келіп,
Жаралы жүрек - жасқа құмарым.
Ессіздік шалқып, тойынған заман,
Естіліп қалар бойыңнан зар-ән.
Ізгілік ізін құлқын кеміріп,
Ақыл да қалмас сойылданбаған.
Иманның жүзін кім керек қылар,
Тәңірінің өзін кірлемек бұлар...
...Үнсіз үмітке тұлға болардай
Тылсымын бүгіп Шың бөлек тұрар.