31.08.2022
  94


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тәңірдің нұрын дарытпаған тас...

Алтын, күміс тас екен...
Халық нақылы



Тәңірдің нұрын дарытпаған тас,
Жансыз жатудан жалықпаған тас,
Айрықша құнды нәсілдестеріне
Бір жылы қабақ танытпаған тас.
Бабаларыма құрал болған тас,
Төзімін жаттың сынар болған тас,
Сеніңде қатты тас бауырынды
Жарып өсетін шынар болған, тас.
Құлағым сенен сезбеді тыныс,
Тыныстың аулақ безгені тыныш
Қаптап жүр жерде жанды кеуделер,
Жүрегі - алтын, көздері - күміс.
Арпа мен бидай ас екен дейді,
Алтын мен күміс тас екен дейді.
Жердің кеудесін жаншыған тастар,
Тас болып қатқан жас екен дейді.
Қамшысын іліп қашады күлкім,
Көзіме құмды шашады жұртым.
Тасқа байланам амалсыз келіп,
Кеудемді ол менің басады бір күн.





Пікір жазу