31.08.2022
  91


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Осы мен осы, көп күлiп

Осы мен осы,
көп күлiп,
Еркелеп кеткен жоқпын ба?
Дарынымды өзiм доп қылып,
Ертерек тепкен жоқпын ба?
Ұшуды бiлген қаршыға
Қона да бiлсе жөн болар.
Тасты да тесер тамшыға
Төселе берсем нем қалар?
Осы мен осы,
көп тасып,
Сарқылып қалып жүрмейiн?
Жиiрек кеттiм шоқ басып,
Шарпылып, жанып жүрмейiн?
Көрсоқыр болса жас кезiм
Жайым жоқ оған ақталар.
Маңдайға бiткен қос көзiм
Мiндетiн ендi атқарар.
Есiгi ашық кеудеме
Енiптi нұр да,
тозаң да.
Жаппаймын оны мен неге
Өкiнбей тұрып тез онда?
Ақындық –
ашық есiк қой,
Жо-жо-жоқ, тұрсын, жаппаймын!
Тозаң да болса несiп қой,
Тазартып оны жатпаймын!





Пікір жазу