31.08.2022
  82


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАЙРАҚ ПЕН ҚАНЖАР

Серiлiк тiрлiк
Қиын екенiн түсiндiм,
Ең iрi құрлық –
Үйiм екенiн түсiндiм.
Қайырылмас қасым –
Тиын екенiн түсiндiм,
Айырылмас досым –
Миым екенiн түсiндiм.
Көңiлдiң кейде
Дөнен емесiн түсiндiм,
Өмiрдiң бейне
Өлең емесiн түсiндiм.
Қабiр де сонша
Терең емесiн түсiндiм,
Тәңiр де онша
Керең емесiн түсiндiм.
Жүйкенiң жiбi
Темiрге айналарын түсiндiм,
Жүректiң түбi
Көмiрге айналарын түсiндiм.
Дәуiрдiң мұңы
Кемiрген сайын жаныңды,
Алмас қанжардай
Өмiр қайраларын түсiндiм.





Пікір жазу