31.08.2022
  96


Автор: Жанат Әскербекқызы

Екі дүние – бірі онда, бірі мұнда...

Екі дүние – бірі онда, бірі мұнда -
Байлаулы әлем осынау бір ұғымға.
Ондағысын білмеймін, мұндағысы
Пенделіктің бұлқынар құрығында.
Орындалсын мақсат пен арман мейлі,
Есті сана егіліп «жалған» дейді.
Уысымда ұстармын дегендерің
Уысында үгіліп қалған дейді.
Бұ дүние – болғаны кештік ғұмыр,
Үрей жүрер тылсымнан естіп күбір.
Қуаныш пен қасірет – бәрі сәттік,
Түңіле алсаң жалғаннан өстіп түңіл!
Жұлдыз көрдім әп-сәтте ағып өткен,
Айды көрдім қабағын қағып өткен.
Аспан жаққа қарадым...о, дүние!
Бұ дүниеден баз кешіп бәрі кеткен.
Екі дүние арасы қас-қағымдық,
Екі дүние – тек біздік, басқа кімдік...
Төбесінен күркіреп күндер ауған
Тау да мұңлық, дариға-ай, тас та мұңлық.
...Назымды айтып болғам жоқ жалғанға әлі -
Алдамшы боп, адыра қалған бағы.
Пенде жүрер ұзақ жол, анығында -
Қас пен көздің арасы... бар болғаны...





Пікір жазу