31.08.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚЫРАПТАҒЫ ЖАПЫРАҚ

Ақырап келдi ақырып,
Бақсыдай жынын шақырып.
Жапырақ – тiлiн
Ағаштың
Ұшырды көкке сапырып.
Жұлынған тiлi жас шынар,
Мылқаулыққа да бастығар.
Бастығар,
Iштен тас тынар,
Қабығын, бәлкiм, жас шылар?
Жұлқынып тұрған жүйрiк тiл,
Жұлындың,
Желмен құйғыт бiр!
Сөйлейтiн кезде судырлап,
Мылқау боп қалған тiрлiк бұл.
Жезтаңдай құстай сайраған,
Араша түсер қайда Адам?
Орнында ма деп өз тiлiм
Отырмын қарап айнадан...
Аққұла болды атырап,
Алқынба ендi,
Ақырап.
Жалғанның жоғын жоқтар ма,
Аузымда қалған жапырақ?!





Пікір жазу