31.08.2022
  98


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖЕР МЕН АДАМ

Келдi өмiрге жас бала,
Қадам басты жасқана,
– Тәй-тәй, – дедi Жер-Ана.
Есейдi де шарқ ұрды,
Ғашық отқа шарпылды,
– Пай-пай! – дедi Жер-Ана.
Жiгiт болды, жар сүйдi,
Қызық көрдi әрқилы,
– Ой-хой! – дедi Жер-Ана.
Көрдi сосын соғысты,
Қасымен қан төгiстi,
– Қой! Қой! – дедi Жер-Ана.
Кен қопарды, жер жыртты,
Жарылқады ел-жұртты,
– Балам! – дедi Жер-Ана.
Канал тартып, тырбанды,
Баққа орады қырларды,
– Панам! – дедi Жер-Ана.
– Қазынамды, нәрiмдi
Байлығымды, барымды,
Сен ал, – дедi Жер-Ана.
Дәуренi өттi, қартайды,
Буынынан әл тайды,
– Дем ал! – дедi Жер-Ана.





Пікір жазу