31.08.2022
  97


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БАҚ IШIНДЕГI ҮЙ

Шатыры қалқиған,
Ескi үй тұр жалпиған
бақ iшiнде.
Қызығы, шыжығы,
Қызыры, қызуы –
бәрi iшiнде.
Шалқитын, тасатын,
Шабытты жас ақын –
үй иесi,
Қоңырқай айлығы,
Жоқ және байлығы,
дүниесi.
Осы үйде жалға алған
Аумай ол хандардан
алшаңдайды.
Бөгденiң күйiне,
Сарайдай үйiңе
тамсанбайды.
Қалаға көштi ендi
Кешегi көшпендi
қыр қазағы.
Шабыты – арғымақ,
Әлемдi алдына ап
жыр жазады.
Әйнектен төнедi,
Ай нұрын төгедi
өлеңiне.
Сол сәтте қас-қағым,
Ақынға басқаның
керегi не?..
Асқақ бiр күйге енер,
Әлемдi билеген
патшадайын.
(Ханшасы төсекте,
Жыр жолын есептер –
ақша – уайым...)
Тоғаяр көңiлi
«Жаздым, – деп, – ең ұлы
поэманы».
Таңертең – ұлы емес,
Патша емес, түк емес –
оянады.
Ендiгi iс «патшаға» –
Апару бақшаға
жас баласын.
Соңында қалқиып,
Қалады жалпиып
баспанасы...





Пікір жазу