31.08.2022
  148


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АБАЙҒА

Бiр сезiм бұған дейiн арбаспаған,
Қолыма алдырғанда алғаш қалам,
Жырыма тырнақалды қуанғанмын
Колумбтай құрлықты ашқан жан баспаған.
Әр сөзi меруерттен соғылатын,
Өзiмдi сезiнгенмiн «ең ұлы ақын».
Сол бiр кез енжар ғана тыңдаушы едiм
Эфирден естiлгенде сенiң атың.
Буына балқып кетiп жас арманның.
Классиктер тобына «қосарландым».
Әдейi әдебиет сабағында
Жырыңды жаттамай кеп екi алғанмын.
Әлi ешбiр қырбық мұртым қырылмаған
Кезiмде қызға тұңғыш қырындаған.
«Мен үшiн Абайдайын ақынсың» деп,
Тоғжан қыз құшағымда сыбырлаған.
Жетелеп астанаға шiркiн арман,
Өлең-жыр жүрегiмнiң ырқын алған.
Төрiнен Алматының сенi көрiп,
Асқақтап былай деп те жыр шығарғам:
«Ассалаумағалейкүм, Абай баба,
Тұрсың сен тiзе бүкпей қалай ғана?..
«Сандуғаштай сайраған сотқар кiм?..» деп
Сықпытыма сұқтанып шам ойлама.
Мен сенiң құдiретiңдi өзiмше ұғам,
Аз менде сендегi мол төзiм-шыдам.
Тiрiлiп тұғырыңнан сәлемiмдi ал,
Әйтпесе, сол тұғырға өзiм шығам»...
Ақымақ, мас көңiлдiң тойынғаны-ай,
Сонда да тұрдым сенi мойындамай.
(Сол сәтте маған тисе обал жоқ-ау,
Содырдан саған тиген сойыл, баба-ай).
Мың есе биiк тұрған пақырлықтан
Көрмеппiн құдiретiңдi соқырлықтан.
Қазiр мен құлдық ұрған шәкiртiңмiн
Өзiңнiң өлеңiңнiң отын жұтқан.
Өмiрдi күрес емес, сайран көрген
Сыздайды кейбiреуге қайран кеудем.
Төрiнде өзiң тұрған Алматыға
Осы бiр Көжекбайлар қайдан келген?





Пікір жазу