АҚ ТЫШҚАНДАР
Аткөпiр жем,
Ағыл-тегiл су дағы,
Ақ тышқандар, ай-хай, аунап-қунады.
Мұнша бақыт бiтпеп едi туғалы,
Басталды-ау бiр бейбақтардың думаны.
Бейне бейiш –
Питомниктiң iшiнде,
(Көрдi дейсiң қайбiр тышқан түсiнде?)
Қауiптi емес, мысық түгiл, кiсiң де, –
Қарайды Адам қайырымды пiшiнде.
Тышқандардың тiрлiгiне тәнтi боп,
Қамқоршысы қасында жүр сан түнеп.
Әр таң сайын ақпар жазар алты бет:
«Жағдайлары жақсы бүгiн, жалпы» деп.
Күллi тышқан қоңданыпты уайым жоқ,
Кiсi көрсе құнжыңдайды қайыл боп.
Қамқоршысы байқады да жәйiн кеп,
Түртiп алды: «Тәжiрибеге дайын!» деп.
Тәжiрибе...
Әлекедей жаланып
Қамқоршылар қарнын жарды қан алып.
Жатты артынша жер жүзiне таралып
Сан тышқанның басын жұтқан жаңалық.
Сезбесе де қанша ғұмыр сүрерiн,
Жатты тышқан,
Тiрлiк түбi – бiр өлiм.
Операция столында
Бiлерiм –
Ойнап өлдi ол адамзаттың рөлiн.