ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТ
Өзiн-өзi ұнатпайтын бiр адам
Өзiн-өзi iштей мiнеп, сынаған.
Жардың түбiн үңгiп жатқан толқындай
Жегi сезiм жолдас болып жүр оған.
Бiрi шалып,
Бiрi демеп – құласа,
Iшiнде оның қос толқын жүр ұласа.
Өзiн-өзi сынағанда серпiлiп,
Шамданады ол басқа бiреу сынаса.
Iшiнде оның қос сезiм бар арбасқан,
Бiр-бiрiнiң жағасына жармасқан.
Кейбiр шақта ұқсатады ол өзiн
Жап-жасыл жас самырсынға қар басқан.
Шөп жұлып ап тротуар жiгiнен,
Иiскеп кейде көз iлмейдi түнiмен.
«Аңсар болсаң ауылыңа қайт...» – дейдi
Жақын бiр үн жүрегiнiң түбiнен.
«Қала жақсы, қайтпа, – дейдi басқа үн, –
Сен жыр үшiн ауылыңды тастадың».
Қос кеменiң құйрығынан ұстап ап
Ол жүзгендей тiршiлiкте қас қағым.
Құштарлана, қуана да бiледi,
Нәп-нәзiк те, қатал оның жүрегi.
Абайсызда айтпас сөздi айтып қап,
Өз арынан жаза тартып жүредi.
Қаршадайдан қатыспаған аз бәйгi,
Iлуде озып, көбiне-көп озбайды.
Сәл мақталса өзiне-өзi ырза боп,
Өз бетiнен өзi сүйе жаздайды.
Қашқан кiм бұл басталмастан төбелес,
Сасқан кiм бұл асқынбастан ерегес...
«Сол – өзiңсiң!..» – дейдi маған бiр дауыс,
Басқа дауыс дейдi маған:
«Сен емес!..»