31.08.2022
  75


Автор: Ұлықбек Есдәулет

РОЯЛЬ

Қандай
мынау рояль мөлдiр едi?
Қара түннiң бояуын төндiредi.
Қақпағы ашық.
Қаптаған клавишке
Қалың ойда пианист телмiредi.
Басқанында бұл күйшi клавиштi,
Тыңдаған жан пейiштен бұлақ iштi.
Саз шалқитын сиқырлы саусақтардан
Ләззаты пейiштiң рәуiштi.
Клавиштер
Бiрi – ақ,
Бiрi – қара,
Бiрi – шаттық,
Бiрi – ой,
Бiрi – нала.
Бейне бұған тұрғандай «еркелет» деп,
Секiлденiп рояль тiрi бала.
Ақ пен қара тiлдерi клавиштiң
Самайына ұқсайды пианистiң:
Қарашаны көп көрген қара орманның
Қылаңытып басқандай қырау үстiн.
Қара мен ақ қалайша жарасады?
Жамылғандай аппақ қыз қара шәлi.
Тiл қатады күйшiге қарсы алдынан
Махаббатқа өртенген бала шағы.
Өз-өзiнен күйсандық күмбiрлейдi,
Қайғысынан кiсiнiң дым бiлмейдi.
«Жас едi ғой күйшiмiз, өрт едi ғой,
Қырау басқан самайын бұл кiм?» – дейдi.
Күн нұрындай күй саулап тұнық көктен
Арқа қозып, күйшiден ырық кеткен.
Әттең, дүние-ай, шалқып бiр ойнар едi-ау,
Зұлым соғыс бiр қолын жұлып кеткен!..
Қарсы алдынан өрбiген ноталары,
Оқиды да жүрегi от алады.
Теңiздейiн толқыған асау сазды,
Көзбен көрiп,
Көңiлмен қотарады.
Алай-дүлей күй кернеп көмекейiн,
Алмақ болып,
өмiрден көп өтеуiн.
Клавишке шабытпен төндi күйшi,
Кеттi ұмытып қолының жоқ екенiн?!.





Пікір жазу